Есжан Талғат Қазыбекұлы 1994 жылы 16 шілде айында ОҚО Арыс қаласында туылған. Арыс қалалық М.Әуезов мектеп гимназиясын тәмамдап, қазіргі уақытта М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 1-ші курс студенті.
.................Ақын болу.......................
Мен жүретін екі түрлі әлем бар,
Өзге ешкім көре алмайды қақпасын.
Жыр жазбаймын қалайша мен қаламдар
Жүрегіме тыным бермей жатқасын ?
Екі әлемнің жер мен көктей арасы,
Бірі оның – өмір сүрген «Жер әлем».
Екіншісі – жүрегімнің жарасы.
Өзгелерге сиқырменен тең әлем.
Ақын болу сиқыр емес өзіме,
Сезім сынды, бірақ, шынын білмедім.
Көрінбейтін өзге ешкімнің көзіне,
Аллаһ берген сыйым шығар бір менің.
Біріншіде өмір сүріп келемін,
Ойға батып, мұңға батып, сыр қазып.
Екіншіден табылады теңеуім,
Мұнда отырам қара өрнек жыр жазып.
Қалам алам қолыма қысып ұстап,
Мына әлемде тек қана тәнім қалар.
Өзгеше бір әлемге жаным ұшпақ
Ақ параққа өзінше өрнек салар.
Тоқтата алмай құлшынған шабытымды
Қара қалам тағы да сия төкті.
Өзгерте де алмаймын бағытымды,
Сия ішінде мұң-сырды жия төкті.
Өзге ешкім түсінбейді, білмейді,
Қызба шабыт жүрегіңді бұзарын.
Қара қалам маған қарап сөйлейді,
Мен тек соны ақ параққа сызамын.
Түсіне алмай таңды таңға жалғағам,
Білмеймін бұл ауру ма, әлде әдет пе?
Мүмкін, бірақ, деп қоямын- «Алладан
Ақын ұлға салынатын тән екпе».